Skip to main content

“Құстар әні” фестивалі — Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналды

2025 жылғы сәуір айында Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда қазақ музыкасының ұлы композиторы, халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған “Құстар әні” фестивалі өтті.

Ашылу салтанаты

Фестиваль шымылдығын Нұрғиса Тілендиев атындағы “Отырар сазы” академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрі ашты. Ансамбльді сазгердің қызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Дінзухра Тілендиева басқарды. Күй атасының ізін жалғап, әке аманатына адалдық танытқан Дінзухра ханым көрермендерге ерекше әсер сыйлап, ұлы композитордың жүректен шыққан туындыларын шебер орындады.

Қазақ өнерінің майталмандары бас қосты

Фестиваль аясында Қазақстанның халық әртісі, ән өнерінің аңыз тұлғасы Нұрғали Нүсіпжанов бастаған белгілі өнер шеберлері сахнаға шықты.
Олар Нұрғиса Тілендиевтің мәңгілік әндерін орындап, тыңдармандарды өткен күннің әуезімен тербетіп, ерекше рухани әсерге бөледі. Сонымен қатар, қоғам қайраткерлері мен мәдениет саласының өкілдері де шараға арнайы қатысып, ұлы сазгердің шығармашылығына құрмет көрсетті.

Өңірлік филармониялар да қатысып, өнер көрсетті

Мерейтой аясында еліміздің әр өңіріндегі филармониялар да осы фестивальге белсене қатысты. Өңірлік шығармашылық ұжымдар мен дәстүрлі өнер шеберлері Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларын орындап, ұлттық мұраны дәріптеуде өз үлестерін қосты. Бұл өнер ұжымдарының қатысуы фестивальге өңірлік колорит пен әртүрлілік сыйлап, көрермендерге бай бағдарламаны ұсынды.


Ұлттық рухты жаңғыртқан тағылымды шара

“Құстар әні” фестивалі — ұлы сазгердің шығармашылығын ұрпақ санасына сіңіру, қазақ музыкасының алтын қорын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды.
Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония ұжымы бұл шара арқылы ұлттық өнердің биік рухын халықпен қайта қауыштырып, Нұрғиса Тілендиевтің өлмес мұрасын ұлықтады.