«Ұлы Жеңіске арналады!» атты мерекелік концерт 9 мамыр күні Орталық алаңда қала жұртын бір ырғаққа салып тамаша естелік сыйлады.
Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының ұйымдастыруымен өткен бұл шара халқымыздың ерлік дәстүрін ұлықтап, майдангерлердің өнегесін дәріптеуге арналды.
Салтанатты кештің шымылдығын филармонияның Үрлемелі оркестрі ашып, соғыс жылдарындағы рухты әуендерді орындады. Мерекелік бағдарлама аясында «Саржайлау», «Атамекен», «Бабалар аманаты» және «Бейбітшілік сақталады» сынды туындылар шырқалып, Отанға деген сүйіспеншілік пен бейбіт өмірдің құндылығын паш етті.
Сахна төрінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Естай Мұқашев, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Ақбота Құснадин мен Мұратбек Хайролда өнер көрсетті. Сондай-ақ халықаралық байқаулардың лауреаттары Алтыншаш Мұқатаева, Ринат Нұрмұхан, Құралай Мейрамбек және «Шалқыма» халық би ансамблі көрерменге мерекелік көңіл-күй сыйлады. Кеш тізгінін Ілияс Базарбаев пен Бекжан Садуақасов ұстады.
Бұл мәдени шара өткеннің ерлік рухына тағзым етіп, Жеңіс сыйлаған ұлы құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіруге бағытталған тағылымды кеш ретінде атап өтілді.

