9 мамыр – Жеңіс күніне орай Астана қаласындағы Амфитеатр сахнасында «Мәңгілік ерлікке тағзым» атты мерекелік кеш жоғары деңгейде өтті. Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының бастамасымен қолға алынған бұл шара халқымыздың ерлік жолын дәріптеуді және майдан жылдарындағы қайсар рухты ұлықтауды мақсат етті. Ашық сахнаға жиналған қауым патриоттық әуендермен сусындап, бейбіт күннің құндылығын тағы бір мәрте сезінді.
Концерт бағдарламасында Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның үрлемелі оркестрінің сүйемелдеуімен айбынды марштар мен соғыс жылдарының рухын жеткізетін танымал туындылар орындалды. Сонымен қатар кеш барысында елдік пен қаһармандық тақырыбындағы заманауи шығармалар шырқалып, тарих пен бүгінгі күн сабақтастығы көрініс тапты.
Сахна төрінде республикалық байқаулардың лауреаттары Нұржан Мейірхан, Белал Қуаныш, Алтыншаш Мұқатаева және Құралай Мейрамбек сынды талантты әншілер өнер көрсетті. Олармен бірге «Шалқыма» халық би ансамблі де өз өнерін паш етіп, мерекелік концерттің мазмұнын байыта түсті. Рухты әндер мен мың бұралған билер ұштасқан бұл салтанатты жиын ата-бабалар ерлігіне шынайы тағзым етіп, ұрпақтар сабақтастығын айшықтаған жарқын оқиға болды.

