Skip to main content

Еуропа төріндегі әз-Наурыз: Е.Рахмадиев атындағы филармония ұжымы Брюссельде қазақ өнерін паш етті

Бельгия астанасы Брюссель қаласында Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы әртістерінің қатысуымен Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы ерекше ауқымда атап өтілді. Астана қаласы әкімдігі мен Қазақстанның Бельгиядағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылған «Shanyraq Fest Brussels» фестивалі аясында филармония ұжымы еуропалықтарға қазақтың төл мерекесінің шынайы болмысын, музыкалық мұрасын және қонақжайлылық дәстүрін жоғары деңгейде таныстырды.

Брюссель төріндегі мерекелік думан 8 сәуір күні филармония өнерпаздарының салтанатты концертімен басталды. Наурыз мейрамының рухын асқақтатқан бұл кеште «Жошы» қазақ ұлттық тобы мен еліміздің танымал өнер жұлдыздары қазақ мәдениетінің озық үлгілерін паш етті. Бағдарлама аясында ұлттық күйлермен қатар, биылғы маңызды мерейтой -   Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған туындылар мен әлемдік классика орындалып, Еуропаның қақ ортасында Наурыз думаны асқақ рухпен атап өтілді.

Мерекелік шаралардың ресми әрі достық салтанаты 9 сәуір күні Saint Gilles округінің мэриясында жалғасын тапты. Қазақстан Елшісі Роман Василенко, Креативті индустрияларды дамыту қорының басқарушы директоры Ерлан Каналимов және Сен-Жиль коммунасының мэрі Жан Спинет кездесу өткізіп, Наурыздың басты құндылығы – бейбітшілік пен достықтың нышаны ретінде еуропалық «Су тасушы қыз» мүсініне қазақтың ұлттық киімін кигізу рәсімін жасады. «Жошы» тобы мен «Қорқыт» этно-ансамблі ұлттық аспаптардың құдіретін паш етті. Филармония әншілері бельгиялық халық әнін қазақша шырқап, екі ел арасындағы рухани байланысты нығайта түсті. Шара соңында Ерлан Каналимов шетелдік қонақтарға дәстүрлі шапан жапты.

Мерекенің қорытынды аккорды 11 сәуір күні Елшілік аумағында өткен аспан астындағы халықтық серуенге ұласты. Бұл күні наурыздың шынайы атмосферасы орнап, қонақтар қазақтың «Беташар» рәсімін тамашалады. Садақ ату мен асық ату сияқты ұлттық ойындарға қатысты. Филармония әртістері Шәмші Қалдаяқовтың әндерін, «Алтын Орда», «Беу құрбым-ай» секілді рухты туындыларды орындап, Брюссель аспанын әсем әнге бөледі. Кеш соңында барлық қатысушылар «Қара жорға» мен «Бүркіт биі» флешмобтарына қосылып, қазақ биінің құдіретімен мерекені түйіндеді.

Осылайша, Брюссельдегі Наурыз мерекесі тек мәдени кеш қана емес, Астана филармониясының шеберлігі арқылы қазақтың бай мұрасын Еуропа төрінде дәріптеген айтулы оқиғаға айналды. Мәдени миссия аясында қазақтың шаңырағы Брюссельде кеңінен жайылып, достық пен өнердің символына айналды.

 

IMG_5447.jpegIMG_5451.jpegIMG_5452.jpeg