Skip to main content

“Ерлік пен елдік жырланған күндер”

 

2-3 мамыр күндері Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның сахнасында командалық айтыстың жартылай финалы өтті. “Ерлік — елдік дастаны” атты тақырыппен ұйымдастырылған бұл өнер додасында еліміздің әр өңірінен келген сайыпқыран ақындар өзара бақ сынасты.

Астана, Қарағанды, Ақтөбе және Түркістан облыстарының командалары көрермен алдында өнер көрсетіп, суырыпсалмалықтың, шешендік пен тапқырлықтың биік үлгісін паш етті. Ақындар ел тарихындағы ерлік пен елдікке толы кезеңдерді жырға қосып, ұлттық рухты дәріптеді.

Бұл айтыс — тек сөз сайысы ғана емес, жыр, ән, күй, терме сынды қазақ өнерінің бар болмысын біріктірген рухани кешке айналды. Әр команда өз өңірінің өнерпаздарымен сахнаға шығып, көрерменге халық музыкасының жауһарларын тарту етті. Осылайша, бес өнер бір арнада тоғысып, шын мәнінде өнер мерекесі болды.

Айтыстың мақсаты — ұлттық өнерді ұлықтау, жастарды халық мұрасына баулу, сөз құдіреті арқылы елдік пен бірлікті насихаттау.

Көрермендер ақындардың тапқыр сөздеріне, сазды термелер мен күйшілердің, әншілердің орындауындағы ұлттық туындыларға зор қошемет білдірді.

Бұл күні филармония сахнасында ұлттық рух пен елдік намыс ерекше сезілді