Skip to main content

Жан серігім домбыра

2026 жылғы 12 желтоқсанда сағат 17:00-де Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның камералық залында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған «Жан серігім домбыра» атты концерті өтеді.

Қазақ халқы үшін домбыра - жай ғана музыкалық аспап емес, ұлттың үні мен тарихын, болмысы мен рухын жеткізетін қасиетті мұра. Оның қос ішегінен төгілген күй мен әнде халықтың өткені, бүгінгі тынысы, арман-мұраты мен өмірлік философиясы көрініс тапқан. Сондықтан да домбыра - қазақтың жан серігі, рухани әлемінің ажырамас бөлігі.

Концерттік бағдарлама көрерменді қазақ ән өнерінің сан қырлы әлеміне жетелеп, ұлттық музыканың әсемдігі мен тереңдігін сезінуге мүмкіндік береді. Кеш барысында қазақтың көрнекті ақындары мен композиторларының шығармалары, халық әндері және домбыра сүйемелдеуімен орындалатын авторлық туындылар ұсынылады.

Бағдарламада Абай Құнанбайұлы, Кенен Әзірбаев, Үкілі Ыбырай, Нартай Бекежанов, Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырза Әлі сынды қазақ өнерінің көрнекті тұлғаларының шығармалары қамтылған. Атап айтқанда, «Ұлытау», «Домбыраға қол соқпа», «Домбыра туралы баллада», «Жараңдап кеңес жазайын», «Дариға, домбырамды берші маған» және басқа да музыкалық туындылар орындалады.

Концертке Халық ән бөлімінің өнерпаздары мен «Сарыарқа» халық музыка ансамблі қатысады. Көрермен назарына мәдениет саласының үздіктері, мемлекеттік наградалар мен кәсіби марапаттардың иегерлері, республикалық байқаулардың лауреаттары өз өнерлерін ұсынады.

«Жан серігім домбыра» - ұлттық өнердің тамырына бойлап, қазақ әнінің құдіретін сезінуге шақыратын ерекше музыкалық кеш. Тәуелсіздік мерекесіне орай ұйымдастырылатын бұл концерт халқымыздың рухани мұрасына тағзым етіп, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға арналған.


  • Күні:

    Желтоқсан 12, 2026
  • Басталуы:

    17:00