2026 жылдың 13 наурыз күні, сағат 19:00 Астана қаласы әкімдігі Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының камералық залында «Сарыарқа» халық музыка ансамблінің әртістері Әділет Сейітқұлов пен Ақерке Жөкеннің «Ғасырлар қойнауынан бүгінге» атты концерті өтеді.
Бұл кеште көрермендер қазақтың көне музыкалық мұрасынан бастап, заманауи шығармаларға дейінгі кең тынысты рухани сапарға аттанатын болады. Концерт бағдарламасы арқылы қобыз өнерінің терең философиясы, тарихи сабақтастығы мен көркемдік қуаты айқын көрсетілмек.
Бағдарламада халық күйлерімен қатар Қорқыт, Ықылас, Жаппас Қаламбаев сынды дәстүрлі музыка алыптарының шығармалары, сондай-ақ қазіргі заман композиторларының туындылары орындалады. Әр кезеңнің музыкалық тілі қобыздың қоңыр үні арқылы жаңаша өрнектеледі.
Концерт барысында нар қобыз, жетіген, сазсырнай секілді ұлттық аспаптардың әуезі ансамбльмен үйлесім тауып, көркемдік мазмұнды байытады.
Кеш барысында Қорқыттың «Қоңыр», Ықыластың «Жез киік», «Кертолғау» күйлері, Әлқуат Қазақбаевтың, Тоғжан Жахиннің және заманауи авторлардың шығармалары орындалып, қазақ музыкасының ғасырлар бойғы эволюциясы тұтастай таныстырылатын болады. Сонымен қатар әлемдік киноөнерден алынған саундтрек те ұлттық аспаптарда жаңаша интерпретацияда шырқалмақ.
Аталған концерттің басты мақсаты ұлттық музыка мұрасын сақтап, оны бүгінгі тыңдарманға заманауи көркемдік деңгейде ұсыну, сондай-ақ дәстүр мен жаңашылдықтың сабақтастығын көрсету.
«Сарыарқа» халық музыка ансамблінің көркемдік жетекшісі - Тоғжан Жахин.