31 қаңтар Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясының камералық залында Қазақ оркестрдің ұлы күйші-композитор Дина Нұрпейісованың туған күніне арналған «Күй анасы Дина» атты мерекелік концерті өтеді. Бұл кеште қазақтың ұлы домбырашысының өмірі мен шығармашылығын дәріптейтін күйлер орындалып, оның музыкалық мұрасына құрмет көрсетіледі. Басталуы 16.00 де.
Дина Нұрпейісова қазақ күй өнерінің анасы (1861 1955) қазақ халқының ұлы композиторы, күй өнерінің шебері және Құрманғазы Сағырбайұлының талантты шәкірті. Дина өзінің бірегей орындаушылық шеберлігі және шығармашылығы арқылы қазақтың күй өнерін жаңа деңгейге көтерді. Ол ел ішінде «күй анасы» атанып, өзінің туындыларымен халықтың рухын асқақтатып, жүрегіне жылулық ұялатқан.
Оның «Тойбастар», «Бұлбұл», «Әсемқоңыр», «16-жыл», «Жеңіс» және тағы басқа күйлері ұлттық өнеріміздің асыл мұрасы саналады. Дина Нұрпейісованың күйлері терең ойға, нәзік сезімге толы болып, қазақ халқының тарихын, болмысын және рухын бейнелейді.
Бұл ерекше кеште Дина Нұрпейісова мен оның ұстазы Құрманғазы Сағырбайұлының әйгілі күйлері орындалады. Қазақ оркестрі «Әсемқоңыр», «Бұлбұл», «Науысқы», «Тойбастар», «Қайран шешем», «Сарыарқа» сынды жауһар күйлерді орындап, көрермендерді күй әлеміне саяхатқа шақырады.